Шымкентте өткен гарнизондық таратуға мыңға жуық сақшы қатысты
Шымкентте өткен гарнизондық таратуға мыңға жуық сақшы қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрінің нұсқауымен Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Думан Таев жеке құрам қызметкерлері арасында гарнизондық тарату өткізді.
Әкімдік ғимаратының алаңына тәуліктік нарядқа түсетін мыңға жуық сақшы жиналды.
Мұндағы басты мақсат – полицейлердің қызметтік міндетті атқару үшін қаншалықты талапқа сай екенін тексеру, олардың құжаттары мен құрал-жабдықтарын және сыртқы келбеті мен нысанды киім үлгісін жіті назарға алып, кемшіліктер кездессе дер кезінде шара қолдану.
Маңызы зор жиында қаланың бас сақшысы әр қызметкерді жеке-жеке тексеріп, олардың тиянақтылығына сыни көзқараспен қарады.
Халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін орган қызметкерлері ретінде сыртқы келбетке және нысанды киімді үлгісіне күтіммен қарауды ескертті.
Сондай-ақ тәуліктік нарядқа түсетін тәртіп сақшыларының қызметтік құрал-жабдықтары мен құжаттары, нысанды киім үлгісі жіті тексеріп, кемшіліктерді түзету үшін басшылық құрамға тиісті тапсырма берді.
Бұған қоса, өз қызметтік міндетін адал атқарып, жоғары нәтижеге қол жеткізген полицейлер марапатталып, тексеру жұмыстары саптық байқаумен аяқталды.