Шымкентте ПД бастығы тыл ардагерінің үйіне барып, мерекемен құттықтады
Шымкентте ПД бастығы ҰОС тыл ардагерінің үйіне барып, мерекемен құттықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков ғасыр куәсі болған Ұлы отан соғысының тыл ардагері Нина Кашлакованың шаңырағына барды.
Жас ұрпаққа өнеге, келер ұрпаққа ұмытылмас тарих, сұрапыл соғыстағы еңбегі тарихта жазылған апамыз бүгінде 94 жаста. Департамент бастығы ғасыр жасаған майдангердің деніне саулық, отбасына амандық, құт береке тілеп, сый-сияпатын табыстады.
— Бізге бейбіт өмір сыйлаған Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлерінің ерлігін бағалау – біздің парызымыз. Біз – ардагерлерімізді ардақтап, қарттарымызды қадірлейтін халықпыз. Ендігі парызымыз көзі тірісінде осы кісілерге барынша қамқорлық жасап, көмегімізді аямау. Сізге Ұлы Жеңіс пен бүгінгі бейбіт күндеріміз үшін алғыс айтамыз, — деді департамент бастығы Нұрлан Алмасбеков.
Айта кетейік, бүгінде Шымкентте соғыс және тыл ардагерлері санаулы қалған. Соның бірі – Кашлакова Нина Витальевна. Нина әжей қала орталығындағы алақандай үйде немересінің қамқорлығында тұрып жатыр. ҰОС тыл ардагері құттықтап келген полицейлерге ризашылығын айтып, тіпті көзіне жас алды.
— Елімізде тек бейбітшілік болсын. Енді соғыс деген зұлматты жастар көрмесін, — деді ардақты ардагер.