Шымкентте полицейлер әлеуметтік-ағартушылық жобаны іске қосты
Шымкентте полицейлер әлеуметтік-ағартушылық жобаны іске қосты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Балаларды қорғау күніне және Қазақстан полициясының 33 жылдығына орай, сондай-ақ “Заң және Тәртіп” қағидатын жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласының полиция департаменті “Полицей болғым келеді!” атты бірегей әлеуметтік-ағартушылық жобаны іске қосты.
Жобаның басты мақсаты — балалардың құқықтық санасын қалыптастыру, заңға және тәртіпке деген құрметті сіңіру, сондай-ақ полиция қызметіне қызығушылық ояту.
Бұл жоба Арбатта, яғни қала тұрғындары жиі серуендейтін қоғамдық орында орналасқан интерактивті фотозона түрінде ұсынылған.
Фотозонада полиция қызметкерлерінің силуэттері бейнеленген, ал балалар сол бейнелердің бет тұсына өз жүздерін қойып, суретке түсе алады. Осылайша, олар өздерін нағыз құқық қорғаушы ретінде сезіне алады.
Бұл тек есте қаларлық фото түсіру мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар бала санасына маңызды рөлді – қоғам тыныштығын күзететін полиция қызметін бейнелі түрде ұғындыру тәсілі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай бастамалар өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, заң мен тәртіпке деген құрметті тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады.
”Полицей болғым келеді!” жобасы маусым айы бойы Арбатта жалғасады. Барша ата-аналар мен балаларды осы қызықты әрі тағылымды жобаға қатысуға шақырамыз.