Шымкентте полицейлер оқушылармен 100 профилактикалық кездесу өткізді
Шымкентте полицейлер оқушылармен 100 профилактикалық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласы полиция департаментінің криминалдық полиция бөлімдерінің қызметкерлері жалпы білім беретін мектептердің оқушыларымен бірқатар кездесу өткізді.
Іс-шаралар аясында жедел уәкілдер қаланың 100 білім беру мекемесін аралап, оқушыларға құқықтық мәдениет пен заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілік мәселелері бойынша түсіндіру сабақтарын өткізді. Ерекше назар киберқауіпсіздік, буллингтің алдын алу және жасөспірімдердің құқық бұзушылықтарға қатысуына жол бермеу тақырыптарына аударылды.
Кездесулер барысында полицейлер заңды сақтау, өзгеге құрметпен қарау және қоғамда саналы мінез-құлық танытудың маңыздылығын түсіндірді. Аталған профилактикалық шараларға 30 мыңнан астам оқушы қатысты.
Полицейлердің айтуынша, мұндай шаралар өскелең ұрпақтың құқықтық білімін нығайтуға, жауапкершілік сезімін арттыруға бағытталған. Тәртіп сақшылары аталған бағыттағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
