Шымкентте полицейлер қаза тапқан әріптестерінің ұлын мектепке алып барды
Шымкентте полицейлер қаза тапқан әріптестерінің ұлын мектепке алып барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бекнұр Талғатұлы биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Ол – қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция капитаны Талғат Чулдаковтың ұлы. Еңбекші ауданы полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі 2018 жылдың тамызында жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан. Ол кезде Бекнұр небәрі 10 айлық еді. Қазір ол – 6 жаста. Енді міне, алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Бұл айтулы күн бала үшін ерекше және есте қаларлық болды: оны мектепке әкесінің әріптестері шығарып салды. Еңбекші АПБ-ның қызметкерлері Бекнұрды үй ауласында қарсы алып, полиция автокөлігімен мектепке жеткізді.
Білім беру мекемесінде тәртіп сақшылары бірінші сынып оқушысын сынып жетекшісіне тапсырып, жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.