Шымкентте полиция балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету жұмысын жалғастыруда
Шымкентте полиция балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету жұмысын жалғастыруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жазғы демалыс маусымының басталуымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция қызметінің басты бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл кезеңде тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандардың көп жиналатын орындарында, яғни лагерь, саябақ және қала көшелерінде профилактикалық жұмыстарды күшейтеді.
Полицейлер балалар лагерлерінде кездесулер өткізіп, қоғамдық орындарда және жолдағы қауіпсіздік ережелері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар қауіпті жағдай туындаған кезде қалай әрекет ету керектігін де түсіндіруде. Балаларды түрлі құқық бұзушылықтардан қорғау мәселесіне ерекше назар аударылуда.
Заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізіліп, балалардың демалыс аймақтарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуына тұрақты бақылау жүргізілуде.
Тәртіп сақшылары әрбір баланың өзін қауіпсіз сезінуі маңызды екенін атап өтті. Өскелең ұрпақтың амандығы мен қауіпсіздігі – құқық қорғаушылар жұмысының басым бағыттарының бірі.