Шымкентте полиция мен банк өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті
Шымкент қаласы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы "Кибербақылау" тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Іс-шараға полиция қызметкерлері, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық банк, сондай-ақ екінші деңгейлі банк өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесудің негізгі мақсаты – интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл саласында ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және азаматтарды қорғаудың қосымша тетіктерін әзірлеу.
Қатысушылар киберқылмыстың өзекті тәсілдерін, күмәнді қаржылық операцияларды бұғаттау мәселелерін, жедел ақпарат алмасу және халық арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағыттарын талқылады.

Полицейлер талдау жасап, алаяқтардың әлеуметтік инженерия әдістерін белсенді қолданатынын атап өтті. Олар өздерін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды SMS-кодтарды айтуға, несие рәсімдеуге немесе қаражатты "қауіпсіз шоттарға" аударуға көндіреді. Сонымен қатар жалған инвестициялық платформалар мен фейк заңгерлік қызметтер арқылы жәбірленушілерді қайта алдау деректеріне ерекше назар аударылды.
Ашық диалог барысында тараптар қаржылық мониторингті күшейту, күмәнді операцияларға әрекет ету алгоритмдерін жетілдіру және алаяқтық шоттарды жедел бұғаттау шараларын қарастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша интернет-қылмыстардың алдын алуға және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар қабылданды.
