Шымкентте полиция қызметкерлері оқушыларға арналған патриоттық іс-шара өтті
Шымкентте полиция қызметкерлері оқушыларға арналған патриоттық іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласындағы №89 мектеп-лицейінде "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" Президент Жарлығының қабылданғанына 30 жыл толуына орай патриоттық іс-шара өтті. Полиция қызметкерлері жас ұрпақ бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға бағытталған ерлік сабағын ұйымдастырды.

Шараға мемлекеттік наградалардың иегерлері – өз ісіне адал, ерлік пен жанқиярлық таныта білген азаматтар шақырылды. Олар оқушыларға қызмет жолындағы естеліктерін айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жауапкершілік және Отанға деген сүйіспеншіліктің маңызы туралы әңгімеледі.
"Жас сақшы" сыныптарының оқушылары арнайы дайындаған бағдарлама бойынша саптық және жауынгерлік дайындық элементтерін көрсетіп, патриоттық және кәсіби сабақтарда меңгерген дағдыларын паш етті. Балалар қонақтарға қызметтің қыр-сыры жайында қызықтырған сұрақтарын қойды.

Іс-шара оқушылар үшін тек патриоттық сабақ қана емес, жеке тұлғалық дамуға да үлкен ықпал еткен маңызды кездесу болды. Олар ерліктің нақты үлгісін көріп, биік мақсаттарға ұмтылуға жігер алды.

