Шымкентте пошта жөнелтілімдерін тексеру жұмыстары жүргізілуде
Шымкентте пошта жөнелтілімдерін тексеру жұмыстары жүргізілуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала аумағына есірткі құралдары мен психотропты заттардың заңсыз енуіне сенімді тосқауыл қою мақсатында, Шымкент қаласының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері ұдайы түрде бірлескен тексеру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Кезекті іс-шара Шымкент қаласында орналасқан “Қазпошта” АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының пошта сұрыптау-тасымалдау басқармасында жүргізді.
Аталған мекеменің цехінде Кинологиялық қызмет орталығының қызметтік иттерінің қатысуымен өткен тексеру, пошта жөнелтілімдері арасында есірткі контрабандасын, сондай-ақ өзге де заңға қайшы заттарды заңсыз тасымалдау деректерін анықтау мен жолын кесуге бағытталды.
Атап өту қажет, аталған тексеру жұмыстары “Қазпошта” АҚ құрылымдық бөлімі мен Шымкент қаласының полиция департаменті арасындағы бірлескен іс-шаралар жоспары негізінде жүргізілуде.