Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте “Қауіпсіз жол” іс-шарасы барысында 846 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды

Шымкент қаласында “Қауіпсіз жол” іс-шарасы барысында 846 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ағымдағы жылдың 17 мамыр мен 16 маусым аралығында ҚР ІІМ-нің 2021 жылғы екінші тоқсанға арналған жедел-профилактикалық іс-шаралар кестесіне сәйкес республика аумағындағы жүргізушілердің көлік тәртібін арттыру, жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында “Қауіпсіз жол” іс-шарасы өткізілуде.

Шымкент қаласы бойынша “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасының бір күнінде 846 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Шымкент қаласы аумағындағы көлік ағыны толастамайтын көшелерде рейд жүргізді. Жол ережесін бұзған автокөлік иелеріне белгіленген мөлшерде айыппұл салынып, түсінік жұмыстары жүргізілуде.

Рейдке шыққан жол инспекторлары жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғандарды анықтап, көлікті мас күйде басқарған бір жүргізушіге, техникалық байқаудан өтпеген 16 адамға хаттама толтырды. Жол үстінде қауіпсіздік белдігін тақпаған – 121, темір тұлпар тізгінінде ұялы телефон пайдаланған – 57, маневр ережесін бұзған – үш, қозғалыстың қарсы жолағына шыққан бір жүргізуші, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өтіп кеткен 10, жаяу жүргіншіге басымдық бермеген бес жүргізуші анықталды.

Сондай-ақ жаяу жүргіншілер өтпесінен өтпей, кез келген жерден жолды кесіп өтпек болып, апат тудыруға себепкер болған 37 жаяу жүргінші жол ережесін бұзды. Мемлекеттік техникалық байқаудан өтпегендерге көлік құралын басқаруы үшін қайтадан тексерістен өтуі керектігі түсіндірілді. Айыппұл тұрағына қойылған көлік құралдарының саны сегізге жетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру