Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте құрамында психотроптық заттары бар дәрі-дәрмектердің рецептісіз босатылу мәселесі талқыланды

Шымкентте есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі
өңірлік ведомствоаралық штабтың кезекті отырысы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш. Мұқанның төрағалығымен қаладағы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабтың кезекті отырысы өткізілді. Оған штаб мүшелері толық қатысып, күн тәртібіндегі негізгі сұрақтар бойынша жауаптылардың баяндамасы тыңдалды.

Нақтырақ айтсақ, Полиция департаменті бастығының орынбасары А. Бейсенбаев және Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастығы С. Пакеев дәріханаларда құрамында психотропты заттары бар күшті әсер ететін дәрілік заттарды рецептісіз сату фактілерін тоқтату бағытында атқарылған жұмыстар жайлы, Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы нашақорлықтан зиян шеккен азаматтарды, әсіресе жастарды қалыпты өмірге бейімдеу бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

– Қазіргі таңда біздің ерекше алаңдатып отырғаны – ел арасында «дәріханалық есірткілер» деп аталып кеткен, құрамында психотроптық заттары бар дәрі-дәрмектердің рецептісіз босатылу мәселесі. Бүгінде қаламызда тек дәрігерлердің рецептімен ғана сатылуы тиіс препараттар еркін саудада жүр. Соның салдарынан құрамында есірткілік заттары бар дәріге тәуелді жастар саны көбейіп барады. Сол себепті оны тоқтату бағытында сіздермен бірлесіп нақты іс-шараларды атқаруымыз қажет, – деді Полиция департаменті бастығының орынбасары А. Бейсенбаев.

Отырыстың соңында штаб төрағасымен қаралып отырған мәселердің өзектілігіне байланысты, оны шешу жолдары айтылып, нақты тапсырмалар кешені берілді. Сонымен қатар, күн тәртібіне 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне орайластырылған бір айлық профилактикалық іс-шараларға барлық мүдделі қызметтердің дайындық барысы талқыланды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру