Шымкентте шағын футболдан өткен турнирде полицейлер жеңімпаз атанды
Шымкентте құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері арасында шағын футболдан жарыс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Спорттық іс-шара Қазақстан Республикасының Конституция күніне орайластырылған. Сайысқа құқық қорғаушылар мен мемлекеттік қызметкерлерден құрылған 8 команда қатысты. Жарыс мегаполистің Қажымұқан атындағы орталық стадионында өтті.
Ойынға қатысушылар бар өнерлерін ортаға салып, жүлделі орынға таласты. Жарыс нәтижесінде өзгелерден оқ бойы озып шыққан қалалық полиция департаментінің құрамасы спортта шымыр екендіктерін дәлелдеп 1-орынды иеленді. Экономикалық тергеу департаментінің командасы 2-орынға жайғасты. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері үздіктердің көшін тәмамдап, 3-орынға ие болды.
Бұдан бөлек, ойын қатысушыларына «Үздік шабуылдаушы», «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы» номинациялары берілді. Жеңімпаздарға арнайы кубок пен дипломдар табысталды.
Сонымен қатар Шымкент қаласы полиция департаменті бастығы Думан Таев жарыстан жеңіспен оралған тәртіп сақшыларын алғыс хаттармен марапаттады.