Шымкентте скутер ұрлағандар ұсталды
Түнгі уақытта Жангелдин көшесінде болған қызықты жайт ЖБО бейнебақылау инспекторларының назарын аударды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алғашында екі скутерге мінген үш ер адам көпқабатты үйдің ауласына кіріп кеткен. Бірнеше минуттан кейін байкерлер 3-ші адам басқарған мотороллерді тіркемеде ұстап алып шығып, оқиға орнынан «ізін суытқан».
Бір шикіліктің бар екеніне күдіктенген полицейлер жол камералары арқылы скутерлердің баратын жеріне дейінгі бағытын қадағалады. Тізгіндеушілер жаңа көлікті жеке тұрғын үйдің ауласына айдап кіргізген. Ұрлануы мүмкін мотокөлікті тексеру үшін ЖБО-ның кезекшілері оқиға орнына жедел уәкілдерді жіберді. Ұрлық дерегі расталды.
Күдіктілер тұрғылықты мекенжайында ұсталды. Олар 19 және 17 жастағы үш жігіт. Белгілі болғандай, олар бұрыннан біреудің скутерін байқап, көз тігіп жүрген.
Қазіргі таңда, Әл-Фараби АПБ-мен ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.