Шымкентте "SOS" батырмалары іске қосылды
Азаматтардың полициямен жедел байланысқа шығуына мүмкіндік беретін дабыл түймелер жүйесі қаланың халық көп шоғырланатын орындарында орнатылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құрылғы арқылы бірден полиция департаментінің жедел басқару орталығымен аудио және бейне байланыс қосылады. Әр "SOS" батырмасы камера, микрофон және динамикпен жабдықталған, бұл операторға қоңырау шалушыны көруге, естуге және полиция наряды келгенге дейін қажетті нұсқаулықтар беруге мүмкіндік береді. Дабыл түскен бойда ЖБО инспекторы жақын маңдағы патрульдік жасақты немесе учаскелік полицейді оқиға орнына жібереді.
"SOS" батырмалары көп адам жиналатын қоғамдық орындарға орнатылып, қылмыстың алдын алу және қауіпсіздікті күшейту мақсатын көздейді. Айта өтсек, бұл құрылғылар вандализмге төзімді етіп жасалған.
Жақын арада қала аумағында қосымша 50 құрылғыны орнату жоспарлануда. Бұл төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын едәуір қысқартып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ықпал етеді.