Шымкентте тағы бір "Жас сақшы" сыныбы ашылды
Шымкентте Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепте "Жас сақшы" сыныбының салтанатты ашылуы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа кадет сыныбы қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Нұржан Алтынбековтің есімімен аталды. Салтанатты іс-шараға Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Маулен Ахметов қатысты.
– "Жас сақшы" сыныптарының ашылуы – өскелең ұрпаққа тәртіп, жауапкершілік және ең жақсы адами қасиеттерді үйретудің маңызды бағыты. Жасөспірімдерге отансүйгіштік пен заңға құрмет сезімін ерте жастан бойына сіңіру қажет. Бүгінгі кадеттер ертең елдің заңын қорғайтын абыройлы азамат боларына сенемін, – деді Маулен Ахметов.
Айта кетейік, өткен жылы Шымкентте осындай үш "Жас сақшы" сыныбы ашылған болатын. Онда оқушылар полиция қызметімен танысып, әскери дайындық пен құқық негіздерін меңгеруде.
Кездесу барысында оқушылар ішкі істер органдарындағы қызмет туралы толығырақ ақпарат алды. Сондай-ақ полицейлер жас сақшыларды оқу жылының басталуымен құттықтап, білімді табандылықпен игеруге шақырды.