Шымкентте төрт тәулік ішінде 70-тен астам автокөлік айып тұраққа қойылды
Шымкентте төрт тәулік ішінде 70-тен астам автокөлік айып тұраққа қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында патрульдік полицейлер қала көшелерінде болған 4475 жол ережесін бұзу дерегін анықтады.
Оның ішінде, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін – 758 тұлға, тізгінде отырып телефон қолданған – 256 азамат және жол жүрісі қағидаларын бұзған 770 жаяу жүргіншіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Сондай-ақ мас күйде көлік басқарған 14 жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен жауапкершілікке тартылса, тағы 74 автокөлік айып тұраққа қамалды.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары тұрғындарды жол үстінде барынша мұқият болуға және ережені қатаң сақтауға шақырады. Өйткені, жол қателікті кешірмейді.