Шымкентте ұландықтар мен полицейлер балаларға арналған патриоттық шара ұйымдастырды
Шымкентте ұландықтар мен полицейлер балаларға арналған патриоттық шара ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Балаларды қорғау күні қарсаңында Шымкентте ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінде "Полиция — балалардың қорғаны" ұранымен ашық есік күні өтті. Іс-шара өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу және ішкі істер органдарында қызметті танымал ету мақсатында қала мектептерінің оқушылары үшін ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында оқушылар әскери бөлімнің аумағына барып, оларға ұландықтардың күнделікті қызметінде қолданылатын әскери техника мен қару-жарақ үлгілерімен танысуға мүмкіндік берілді. Жас қонақтар әскери қызметшілердің жабдықтарын киіп, жауынгерлік көліктерді басқарып, естелік фотосуреттер түсіруге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ оқушылар үшін әскерилендірілген эстафета ұйымдастырылды, оның барысында олар өздерінің ептілігін, төзімділігін және командалық рухын көрсетті. Мұнда дене шынықтыру мен ептілікті көрсеткен оқушылар ерекше көзге түсті. Мәселен, автоматты бөлшектеу мен құрастыруда №68 мектептен Дінмұхамед Саитбеков нормативті 21 секундта орындап, ең жақсы уақытты көрсетті. Белтемірде тартылуда №45 мектептің оқушысы Али Акбар 21 рет тартылып үздік нәтиже көрсетті. Қыздар арасында №68 мектептен Айдана Сәрсенова оқу гранаталарын лақтыруда жоғары дәлдікпен және жылдамдықпен ерекшеленді. Ол гранатаны 23 метрге лақтыра алды, бұл қатысушылар арасында рекорд болды. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылардан естелік сыйлықтар табысталды.
Айта кету керек, іс-шараға Шымкент қаласы ІІМ оқу орталығының өкілдері қатысып, жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру және құқық қорғау органдарының қызметіне құрмет көрсету үшін осындай акциялардың маңыздылығын атап өтті.
6506 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Бауыржан Шораевтың айтуынша, Ашық есік күнін өткізу күш құрылымдары мен азаматтық қоғам арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді, сондай-ақ жастардың ішкі істер органдарында қызмет етуге белгілі бір дайындығы ретінде қызмет етеді.
Іс-шараға қатысушылар ұйымдастырушыларға әскери қызметшілердің өмірімен және қызметімен жақынырақ танысу мүмкіндігі үшін алғыстарын білдіріп, алған әсерлері олардың жадында ұзақ сақталады және болашақ мамандықты таңдауға әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.