Шымкентте жалға алған ойын приставкасын ломбардқа өткізіп жіберген азамат құрықталды
Шымкентте жалға алған ойын приставкасын ломбардқа өткізіп жіберген азамат құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алаяқтық туралы шағым Тұран ауданының полиция басқармасына келіп түсті. Арызданушы өзінің ойын приставкасын жас жігітке жалға бергенін жеткізді.
Бейне ойындарға арналған техниканы пайдаланушы бір тәулікке 10 мың теңге төлеген. Жалдау уақыты аяқталған соң келесі күні ол телефон қоңырауларына жауап бермей, кейінірек байланыс нөмірін мүлдем өшіріп тастаған. Приставка иесі 500 мың теңге көлемінде шығынға ұшырады.
Полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қаскүнемнің жеке басын анықтау үшін бірқатар жедел іс-шаралар жүргізді.
Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктіні ұстады. Ол бірнеше жыл бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған Астана тұрғыны болып шықты. Жігіт ойын құралын ломбардқа өткізіп, ақшаны жеке қажетіне жұмсағаны белгілі болды.
Қазіргі таңда құрылғы тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.