Шымкентте жанармай құю бекетінен дизель отынын ұрлаған күдікті камераға түсіп қалған
Шымкентте жанармай құю бекетінің жұмысшысы дизель отынын ұрлады. Ұрлық қылмысы камераға түсіп қалған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түнде жанармай құю бекеттерінің бірінің қоршауынан канистрлерімен өтіп бара жатқан ер адамды полиция департаменті жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнебақылау камераларынан байқап қалған.
Оқиға орнына ЖБО-ның кезекші инспекторлары Абай АПБ-ның жедел тергеу тобы жіберілді.
Жақындап келе жатқан полиция көлігін көрген қаскүнем дизель отынының канистрлерін шөпке тығып қоюға асыққан. Сосын көлігінің капотын ашып, оны жөндеп жатқандай кейіп танытқан.
Өзінің іс-әрекеті камераға түсіп қалғанын білмеген ер адам қандай да бір құқық бұзушылық жасағанын толығымен жоққа шығарып, көлігінің ақаулығына байланысты осы жерге тоқтағанын жеткізген. Тәртіп сақшылары жасырылған 60 литр дизель отынын тауып алған кезде ол жазықсыз адамның рөлінен шықты.
Күдікті полиция басқармасына жеткізілді. Белгілі болғандай, ол сол жанармай құю бекетінде газ құюшы болып жұмыс істейді, ер адамда қойманың кілті де бар.
Ұрлық жайтын Абай АПБ-ның анықтаушылары тергеп жатыр. Жақында қылмыстық іс сотқа жіберіледі.