Шымкентте жаңа бейнебақылау камералары іске қосылды
Шымкентте жаңа бейнебақылау камералары іске қосылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне баспасөз-брифингін өткізді.
Қаланың бас полицейінің айтуынша, Шымкент қаласы аумағында жол ережесін бұзған автокөліктерді автоматты түрде тіркейтін 100 көше қиылысына 877 бейнебақылау және 200 көше желілеріне 800 бейнебақылау жүйесі, яғни жалпы 1677 бейнебақылау орнатылып, автоматты түрде жұмыс жасауда.
Бұл бейнебақылаулар ӘҚБтК-нің 599-бабы (Бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту), 601-бабы (Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау) және 592-бабында (Белгiленген жүру жылдамдығын арттыру) көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайды.
Бұл құрылғыларға әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген кезде полиция қызметкерлері түскен құқық бұзушылықты өңдейді. Өңделгеннен кейін автоматты түрде бірден автокөлік иесінің ұялы телефонына 1414 нөмірінен әкімшілік айыппұл тіркелгені туралы хабарлама түседі.
Егер автокөлік иесі ұялы телефон нөмірін қолданыстан өшіріп тастаған болса, онда оның тіркелген мекенжайына пошта арқылы хабарлама жолданады.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы аумағында компьютер, принтермен жабдықталған 8 арнайы автокөлік әкімшілік айыппұлдары бар жүргізушілерге ұйғарымдарды таратып, төлеу қажеттілігі туралы ескертулер жасайды.
Жүйеде пошта арқылы және ұялы телефонына жолданған хабарламаларды автокөлік иесі алғаны туралы белгі көрініп тұрады.
Сондай-ақ, Шымкент қаласы аумағында қоғамдық және жол қауіпсіздігін бақылайтын 1500 бейнебақылау орнатылды. Олар арқылы Жедел басқару орталығының қызметкерлері тәулік бойында қылмыстың алдын алуда, ашуда және әкімшілік құқық бұзушылықты анықтау бойынша жұмыс атқарады.