Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу жұмыстары қайта жанданды 

Шымкентте жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу жұмыстары қайта жанданды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары аясында, сондай-ақ білім беру мекемелерінде нашақорлықтың алдын алуға арналған 2023 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес, мүдделі қызметтердің қатысуымен қаладағы білім беру мекемелерінде нашақорлықтың алдын алу жұмыстары бастау алды.

Алғашқы іс-шара «Болашақ» жоғары колледжінде өткізіліп, білім ордасының студенттеріне «Кәмелет жасқа толмаған жастар арасындағы құқық бұзушылық және нашақорлықпен күрес» тақырыбында арнайы дәріс өтті. Оған Шымкент қаласының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Бауыржан Карбеков, Тұран ауданы полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлары Құдайберген Бегимбетов, Мадияр Марқаш және М.Тұрлыбаев қатысты.

Кездесу барысында мамандар жастарға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, нашақорлықтың қалыптасуы кезінде «дәріхана нашақорлығының» қауіптілігі, жаңа психоавтивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап көрсетті.Сонымен қатар интернет-дүкендердің әкімшісі болу және есірткі жасыруға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленгені туралы ескертілді.

Одан бөлек, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу, түнгі уақытта ата-анасы немесе заңды өкілінсіз жүрмеу, әлімжеттіктің алдын алу мен бос уақытын тиімді пайдалану секілді өзекті тақырыптар қозғалды.

Іс-шара соңында студенттер көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, кеңінен жауап алып, өзара еркін пікір алмасты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру