Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте жастар мен полиция бірлесе өзекті мәселелерді талқылады

Шымкентте жастар мен полиция бірлесе өзекті мәселелерді талқылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкент қаласында киберқылмыстар мен есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында ерекше форматтағы тренинг өтті. "Жастар мен полиция: ашық диалог пен ынтымақтастық" атауымен өткен шараға мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ белсенді еріктілер қатарынан 30-ға жуық жас қатысты.

Полиция департаменті ұйымдастырған кездесудің басты мақсаты – интернет-алаяқтық пен нашақорлықтың алдын алу, жастардың құқықтық сауатын арттыру және полициямен өзара сенімді қарым-қатынас орнату болды. Іс-шара бейресми әрі достық атмосферада өтіп, қатысушылар интерактивті викторинаға қатысып, топтық квест ойнады, пікірталас алаңында ой-пікірлерімен ашық бөлісті.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының маманы Шыңғыс Жайлаубек жастарға интернет қауіптері, алаяқтық әрекеттерді тану тәсілдері мен жеке деректерді қорғау жолдары туралы практикалық кеңестер берді. Ал есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі Ердәулет Садықов жастар арасында нашақорлықтың зияны және одан сақтану жолдары жайында мазмұнды ақпаратпен бөлісті.

Қатысушылар белсенділік танытып, мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өз көзқарастарын білдірді. Кездесу соңында жастар естелік суретке түсіп, жағымды эмоциялармен тарқасты.

Мұндай шаралар – жастарды өзекті мәселелерден хабардар етіп қана қоймай, олардың азаматтық белсенділігін арттырып, құқық қорғау органдарымен сенімді серіктестік орнатуға сеп болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру