Шымкенттік полицейлер ірі көлемде алаяқтық жасаған әйелді ұстады
Шымкенттік полицейлер ірі көлемде алаяқтық жасаған әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 қаңтарда Абай ауданы Полиция басқармасына «102» арнасы арқылы екі жергілікті тұрғын арызданған. Айтуларынша, қаладағы алтын сататын базарлардың бірінде бұрын-соңды таныс емес азаматша «алтын бұйымдарын жоғары бағада сатып, ақшасын үш күн ішінде қайтарып беремін» деп сендірген. Жәбірленушінің бірі – 5,1 млн.теңге, ал екіншісі 7,8 млн.теңге тұратын алтын бұйымдарын әйелге сеніп тапсырған. Алайда осы күнге дейін ол телефонға жауап бермей, қашып жүрген. Амалы қалмаған тұрғындар полицияға арызданған.
Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігімен (Алаяқтық) тіркеуге алынған. Тәртіп сақшыларының жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде азаматшаның жеке басы анықталып, оны қала аумағынан қолға түсірді. Тиісті басқармаға жеткізілді. Ол 27 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Қазіргі кезде азаматша қамауда.
Тергеу амалдары барысында тәртіп сақшылары бұдан өзге дәл осындай мазмұндағы бес жайтты тіркеген. Нақтырағы, алаяқтықты кәсіп еткен әйел алтын бұйымдарды жоғары бағада сатып беремін деп алтын сатушыларды сендірген. Нәтижесінде, өзі ломбардқа төмен пайызбен алтын бұйымдарды өткізіп, ақшасын қажеттілігіне жұмсап отырған.