Шымкенттік полицейлер көлігінен өрт шыққан жүргізушіге көмектесті
Шымкенттік полицейлер көлігінен өрт шыққан жүргізушіге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаменті патрульдік полиция полкінің қызметкерлері 7 ақпанда қызмет атқару барысында Жібек жолы көшесінің бойында қиын жағдайға тап болған көлік иесіне көмек берді.
Жол бойында көліктен ақау шығып, өртене бастаған. Мұны көрген полицейлер бірден тоқтап, өздерінің мемлекеттік көліктерінен өрт сөндіру құралын алып, жалынды ауыздықтаған. Осылайша, темір тұлпардың толық өртке орануының алдын алған.
Жедел әрекет еткен полицейлердің осы іс-әрекетінің нәтижесінде, көлік жүргізушісінің өміріне қауіп төнген жоқ. Оқыс жағдайға дер кезінде жұмылған Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлеріне көлік жүргізушісі шынайы алғысын айтып, разылығын жеткізді.
– Үнемі жол үстінде жүргендіктен, түрлі жағдай орын алады. Бірақ өз басыңнан тосын оқиға болған кезде не істеріңді білмей қалады екенсің. Осындай сәтте маған көмекке келген полиция қызметкерлеріне үлкен алғыс айтамын. Еш ойланбастан, өртті сөндіруге барын салды. Өз қызметін мінсіз атқарып жүрген, халыққа жақын тәртіп сақшыларына алғысым шексіз. Жұмыстарыңыз табысты болсын!, – дейді көлік жүргізушісі.