Шымкенттік полицейлер сауда үйінде қараусыз жүрген бүлдіршінді ата-анасына табыстады
Шымкенттік полицейлер сауда үйінде қараусыз жүрген бүлдіршінді ата-анасына табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдік полиция полкінің 849-жаяу бағыттағы экипажы қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету мақсатында әкімшілік аумақты патрульдеу жұмыстары кезінде қаладағы ірі сауда орталығында үш-төрт жасар шамасындағы бүлдіршіннің ата-анасының қарауынсыз жүргенін байқаған.
Полицейлер бірден кішкентай балақайдың жанына барып, аты-жөнін, ата-анасын сұрай бастайды. Содан тәртіп сақшысы оның жақындарын табу үшін жедел-іздестіру шараларына бірден кірісті.
Дәл осы сәтте 102 арнасына жергілікті тұрғын баласын жоғалтып алғандығы жөнінде айтып, көмек сұраған. Анасының айтуынша, баласы кешкұрым уақытта далада ойнап жүрген. Содан шақырғанына келмей, таппай қалған. Өз бетінше іздеп жүріп, екі сағаттай өткізіп алған. Амалы қалмаған ана бірден тәртіп сақшыларына жүгінген.
Балақайды тауып алған тәртіп сақшылары оны бірден сипаттаған айрықша белгілері арқылы осы қараусыз жүрген балақай екеніне көз жеткізіп, анасына табыстаған.
– Екі кештің арасында абыр-сабыр күйге түстік. Баламды ойнап жүрген жерінен таппай қалдым. Тәртіп сақшыларына рақмет, қараусыз жүргенін байқап, немқұрайлы қарамай, жандарына алып, ата-анасын іздеуге кірісіпті. 102-ге хабарласып, көмек сұрағанымда, сипаттау белгілері арқылы менің балам екенін біліп, аман-есен қолыма табыстады. Қызымды ұдайы осы орталыққа ойнатуға әкеліп тұратынмын. Содан қызығып осы жерге ойнаймын деп кетіп қалған болу керек. Өте қатты қорықтым. Полиция – қашан да ел қорғаны екеніне тағы да көзім жетті. Алла істеріне береке берсін. Шексіз ризамын, – дейді бүлдіршіннің анасы.