Шымкенттік полицейлер жоғалған 6 жасар қызды аман-есен тапты
Шымкенттік полицейлер жоғалған 6 жасар қызды аман-есен тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 желтоқсанда Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының 102 арнасына кешкі сағат 18:50-де жергілікті тұрғын арызданған. Ол онда 6 жасар қызының үй ауласында ойнап жүріп белгісіз бағытқа жоғалып кеткенін айтқан.
Жоғалған қызды табу үшін Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетовтың дабыл қағуымен Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасына тапсырма берілді. Іздестіру іс-шарасына тиісті басқарманың барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары аулаларды тексеріп, тұрғындардан жоғалған қыз туралы сұрастырды. Сондай-ақ, кинологияның қызметтік иттерімен іздестірілді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, кешкі сағат 20:00-де Жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімі инспекторлары Наурыз шағын ауданындағы “Nauryz Park” сауда орталығынан қызды аман-есен тауып, ата-анасына жеткізді. Бала ойнап жүріп СО-на кетіп қалған.
– Полиция қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін, “102”- ге хабарласқанымызда осынша полиция қызметкерлері келіп, қызымызды аман-есен тауып берді. Қызметттеріңізге табыс отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деп алғысын айтты қыздың ата-анасы.