Шымкенттік тұрғынның көлігін бөтелкелесі ұрлап кеткен
Шымкенттік тұрғынның көлігін бөтелкелесі ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұран аудандық полициясына қала тұрғыны үйдің ауласында тұрған көлігінің жоғалып кеткені туралы арызбен хабарласқан. Жәбірленуші көлікті үйіне қонаққа келген танысы ұрлауы мүмкін екенін айтқан. Ер адам ішімдік ішкен соң ұйықтап кетіп, қайта оянғанда досын да, көліктің кілтін де таппай қалған.
Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері ЖБО инспекторларының көмегімен бейнебақылау камералары арқылы ұрланған ВАЗ-2115 көлігінің қозғалыс бағытын қадағалады.
Нәтижесінде, автокөлік Түркістан облысындағы жеке үйлердің бірінің маңында тұрған жерінен табылды. Оны ұрлаған адам да осы жерден ұсталды. Ол тағы бір досына қонаққа келген болып шықты.
Тексеру барысында ұсталған азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ екені анықталды, сондықтан ол арнайы қабылдау орнына қамалды.
Темір тұлпар заңды иесіне қайтарылды.
Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.