Шымкенттің бас полицейі Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен кездесті
Шымкенттің бас полицейі Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетов 27 қаңтарда Әл-Фараби ауданының №17 пунктіне қарасты әкімшілік аумақтың тұрғындарымен арнайы кездесті.Аталған іс-шараның мақсаты – халықтың полицияға деген сенімін арттыру, кері байланысты нығайту және учаскелік полиция инспекторларының жедел жұмысын саралау.
Кездесу барысында жергілікті тұрғындар өз учаскелік инспекторларының жұмысына қатысты пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтып, алғыстарын жеткізді. Әсіресе, «Қаңтар оқиғасында» алдыңғы шепте тұрып, халықтың қауіпсіздігі үшін қызмет еткен тәртіп сақшыларының ерен еңбектеріне ерекше тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Ішкі істер министрлігіне «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жедел әрі сапалы қызмет атқару міндетін жүктеген болатын. Осы тапсырмаларды іске асыру мақсатында тұрғындардың полиция қызметіне қатысты мәселелерін бірлесіп, ақылдаса отырып шешу үшін азаматтарды жеке қабылдаумен қатар, учаскелік полиция пунктерінің әкімшілік аумақтарына арнайы барып, тұрғындармен осындай кездесулер ұйымдастырып келеміз. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін барынша жоғары деңгейде қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстардың себептері мен жағдайларын анықтау – бұл біздің басты міндетіміз. Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бізбен бірлесе жұмыс атқарып жатқан сіздерге де мың алғыс! Шымкент – ең қауіпсіз қалаға айналуы бағытындағы жоба – жұмыстардың оң нәтижелі болуында қала халқының үлесі бар екенін атап өткім келеді, – деді Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетов.
Сондай-ақ, тұрғындарға департамент бастығының нұсқауымен WhatsApp желісінде құрылған «Жедел әрекет ету тобына» қосылып, жұмыла жұмыс жасау мақсатында байланыс нөмірлер жазылған ақпараттық парақшалар таратылды.