Шымкенттің бас полицейі департаментке қарасты арнайы ғимараттардың жағдайымен танысты
Шымкенттің бас полицейі департаментке қарасты арнайы ғимараттардың жағдайымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қалалық ПД бастығы Думан Таев дапартаментке қарасты арнайы ғимараттардың қазіргі ахуалын көзбен көріп, тексеріп шықты. Қаланың бас полицейі бірінші кезекте уақытша ұстау изоляторына ат басын бұрып, мекеменің қызметкерлерімен, олардың жұмыс барысымен және ғимараттың қазіргі жай-күйін тексерді.
Содан соң қызметтік иттерді баптаумен айналысатын кинология қызметі орталығына барып, ақылды төбеттердің ерекше қабілеттерін тамашалап, ондағы тіршілікке шолу жасады.
Бұған қоса, ардагерлер кеңесіне, қабылдап тарату және арнайы қабылдау орнына, халықты құжаттандыру және тіркеу бөлімінің мұрағатына барып, ондағы мамандармен жүздесті.
– Алдағы уақытта бізге бірігіп атқаратын жұмыс көп. Департаментке қарасты ғимараттардың қазіргі жағдайы талапқа сай деп айтуға келмейді. Десе де, мекеменің материалдық кемшіліктері сіздердің жұмыс сапаларыңызға әсер етпеуі қажет. Келешекте бұл олқылықтың бәрі реттеледі, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бастысы сіздер Отанға адал, антқа берік қызмет етуді тоқтатпаңыздар, – деді Д.Таев.