Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкенттің бас полицейі Еңбекші ауданының тұрғындарымен кездесті

Шымкенттің бас полицейі Еңбекші ауданының тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жиында аудандық полиция басқармасының №34 учаскелік полиция пунктінің әкімшілік аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Полиция департаментінің бастығы Думан Таев төрағалық еткен кездесуге қалалық маслихат депутаты Мұратәлі Қалмұратов, аудан әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев, аудан прокуроры Серік Абдиев, Арадагерлер кеңесінің төрағасы Сержан Тұрсынбеков қатысты.

Тұрғындарға учаскелік инспектордың осы жылдың төрт айында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында атқарылған жұмыстар мен іс-шаралар туралы есеп берілді. Инспектордың айтуынша, 19 мыңға жуық адам тұратын аумақта тіркелген қылмыс саны былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға төмендеген. Құқық бұзушылықтардың арасында ұрлық пен интернет-алаяқтықтың саны басым. Бөтеннің мүлкіне қолсұғу қылмысының алдын алу және оларды болдырмау бойынша жергілікті тұрғындармен ұдайы түрде түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

Айта өтетіні, жыл басынан бері профилактикалық шаралардың нәтижесінде аумақта жасөспірімдердің қатысуымен құқық бұзушылықтар тіркелмеді. Сонымен қатар әкімшілік аумақта ардагерлер, депутат, әкімшілік қызметкерлер, белсенді азаматтар, мектеп директорлары және үй төрайымдарымен қоғамдық кеңес құрылған. Кеңеске аудан әкімінің орынбасары жетекшілік жасап келеді.

Жиын барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауап берілді.
Кездесу соңында полиция қызметкерлері азаматтарды қандай да бір болған қылмыстың куәсі болған жағдайда тез арада учаскелік полиция инспекторларына немесе «102» нөміріне хабарлап, кез келген құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділікпен» қарауға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру