«Шырша» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде
Қарағанды облысының полиция қызметкерлері табиғатты қорғау ұйымдарымен бірлесіп «Шырша» профилактикалық іс-шарасы аясында рейдтер өткізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл қарсаңында Қарағанды облысының ПД Жергілікті полиция қызметі орманды қорғау ұйымдарымен бірлесіп профилактикалық рейдтік іс-шараларды өткізуде. Басты мақсат – жас қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу, жинау, тасымалдау және сатуды анықтау және жолын кесу.
– Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығы бойынша Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мобильді топтар құрды. Олар ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірге жас қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесілуден және зақымданудан қорғау бойынша кезекшілік атқаруда. Осылайша, орман қорына кіретін ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені, жойғаны немесе бүлдіргені үшін ҚР ӘҚбТК-тің 381-бабы бойынша әкімшілік жаза қолданылады. Бұл тәртіп бұзушылық жеке тұлғаларға 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 АЕК, ірі кәсіпкерлерге – 100 АЕК көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады. Егер келтірілген зиян 100 АЕК-тен көп болса, онда бұл жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабы (Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру) бойынша қылмыстық жаза қарастырылған, – деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім бастығы Бауыржан Жарылғасин.
– Ағымдағы жылдың 15-31 желтоқсан аралығында облыс аумағында «Шырша» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара барысында облыстың ПД-нің табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері қылқан жапырақты ағаштармен сауда жасаудың төрт фактісін анықтады. Сатушыларға қатысты ҚР ӘҚбТК-тің 204-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды, – деп атап өтті облыстың ПД табиғат қорғау полициясының аға инспекторы Ернұр Аманжолов.