Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“SIM-картаңыздың мерзімі аяқталды”: Ақтөбе полицейлері алаяқтардан сақ болуға шақырады

Алаяқтар байланыс операторларының атын пайдаланып, азаматтарды алдауда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алаяқтардың айла-амалдарында шек жоқ. Қазіргі уақытта олар азаматтарға ұялы байланыс операторлары ретінде қоңырау шалуға көшті. Соңғы уақытта Ақтөбе тұрғындары осындай алаяқтыққа тап болғаны туралы полицияға жиі арызданып жүр. Жәбірленушілерге келтірілген залал сомасы бірнеше миллиондаған теңгені құрайды.

– Алдымен алаяқтар телефоныңызға хабарласып, өзін байланыс операторы етіп таныстырады. Сіздің SIM-картаңыздың қызмет көрсету мерзімі аяқталғанын және оны ұзарту үшін нөміріңізге SMS -пен келген кодты айтуыңызды сұрайды. Кодты алғаннан кейін олар сізге WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, өздерін құзырлы органдардың қызметкерлері ретінде таныстырып, байланыс операторларының атын жамылған алаяқтарға алданғаныңызды айтады, – дейді Ақтөбе облысы ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Бақдәулет Балмұрзин.

Алаяқтар азаматтарға ұлттық қауіпсіздік, полиция, банк қызметкерлері ретінде хабарласып, оның атына жалған байланыс операторлары тарапынан несиелер рәсімделгенін айтады. Бұл несиелердің күшін жою үшін өз атына тағы бірнеше несие рәсімдеп, ақшаны өздері көрсеткен шотқа жолдау қажет екенін хабарлайды.

Шілде айында Ақтөбе қаласы тұрғындарының бірі осындай жолмен әрекет еткен алаяқтарға алданып, 8 миллион теңге шығынға батса, тағы бір ақтөбелік 3 миллион теңгесінен айырылған, ал тағы бір тұрғын өз атына 5 миллион теңгеге жуық сомаға несие рәсімдеген. Бұл қылмыстың барлығын алаяқтар “SIM -картаңыздың мерзімі аяқталды” деген жалған қоңыраулар арқылы жүзеге асырған.

Ақтөбе облысының полиция департаменті азаматтарды алаяқтардан осындай қоңыраулар түскен кезде сөйлесуді дереу тоқтатуға, телефонға келген SMS-кодтар мен жеке деректерді бөгде адамдарға хабарламауға және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру