Синтетикалық есірткі сақтаған мегаполис тұрғыны анықталды
Түркістан облысының полицейлері синтетикалық есірткі сақтаған мегаполис тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына тұрғынның бірі өзімен есірткі алып жүргендігі туралы хабарлама келіп түсті. Хабарлама бойынша ТО ПД ЕҚҚІҚБ-ның қызметкерлері жедел әрекет етіп, күдікке ілінген ер адамның жеке басын анықтап, ізіне түсті. Осылайша, оны Сайрам ауданында орналасқан кафелердің бірінің алдынан ұстады. Содан соң жігітті тінту кезінде, оның шалбарының қалтасынан төрт дана пакетке салынып, изолентаға оралған есірткі затына ұқсас зат табылды. Анықталған есірткі тәркіленіп, сараптамаға жолданды.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша тіркеді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, табылған зат салмағы төрт грамға жуық «синтетикалық есірткі» болып шықты. Сондай-ақ ұсталған ер адам Шымкент қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Қазіргі таңда оның басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Күдікті қамауда. Сайрам АПБ-мен тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері есірткі заттарының заңсыз айналымы үшін, қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Егер сізде есірткіні заңсыз сақтау және өткізу жайттары туралы қандай да бір ақпарат болса, дереу полицияға хабарласыңыз.