Солтүстік Қазақстан облысында полиция су басқан аудандарда жұмысты жалғастыруда
Солтүстік Қазақстан облысында полиция су басқан аудандарда жұмысты жалғастыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ПД бастығының жедел кеңестегі баяндамасы.
Су тасқыны жағдайы бойынша өткен көшпелі кеңес барысында СҚО полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовке елді мекендерде полиция қызметін ұйымдастыру туралы баяндады.
- Су тасқынымен күрес кезеңінде тәулік бойы 250 полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қызмет атқаруда. Негізгі күштер Петропавл қаласының Заречный шағын ауданында шоғырланған – мұнда 118 адам және Тепличное ауылында – 102 қызметкер жұмылдырылған. Прибрежное, Ольшанка, Большая Малышка және Долматово ауылдарында 6-дан 10 адамға дейін күшейтілген жасақтар кезекшілік етеді, - деді ПД бастығы.
Полицейлер ауысыммен жұмыс істейді, аумақты патрульдейді, қоғамдық тәртіпті сақтайды, жол қауіпсіздігін және мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді.
Тепличное ауылында үй-үйді аралау барысында тұрғындарға баспаналарынан уақытша кету қажеттілігі түсіндірілді – көптеген отбасылар түсіністікпен қарап, тұрғылықты жерінен кету туралы шешім қабылдады.
Құқықтық тәртіпті бұзу және мүлікті ұрлау әрекеттеріне жол берілмеді. Жағдай тұрақты және толық бақылауда.