Солтүстік Қазақстан облысында үздік патрульдік полицей анықталды
Солтүстік Қазақстан облысында үздік патрульдік полицей анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті патрульдік полиция қызметкерлері арасында "Үздік маман" облыстық байқауын өткізді. Бұл байқау – күнделікті қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде алдыңғы шепте қызмет атқаратын полицейлердің кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған маңызды шара.
Байқау ережесіне сәйкес, қатысушылар заңнаманы терең меңгеру, алғашқы медициналық көмек көрсету, көлік жүргізу, арнайы құралдар мен қызметтік қаруды қолдану дағдыларын көрсетуі тиіс болды. Байқауға үш жылдан астам қызмет өтілі бар және жұмыс нәтижелері оң бағаланған қызметкерлер қатысты.
Сайыс барысында қалалық және облыстық патрульдік полиция батальонының офицерлері бірнеше кезеңнен өтті. Қатысушылар Макаров тапаншасынан дәл ату, қауіпсіздік техникасын қатаң сақтау, заңнаманы білу бойынша тестілеу, физикалық дайындық және қарқынды қозғалысты реттеу сияқты тапсырмаларды орындады. Әсіресе жол қиылысын реттеу кезеңінде қатысушылар теориялық білімдерін нақты әрекеттермен ұштастырып, өз шеберліктерін көрсетті.
Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша, 11 жылдық қызмет өтілі бар Петропавл қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Асхат Курмашов ең жоғары ұпай жинап, "Үздік патрульдік полицей" атанды. Маусым айының басында ол елордада өтетін республикалық байқауда Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайтын болады.