Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Солтүстік Қазақстан облысында "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды

Солтүстік Қазақстан облысында "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Республика күні қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысында жастарға патриоттық рух пен құқықтық мәдениетті дарытатын маңызды жоба жүзеге асты. Сергеевка қаласында тағы 20 жасөспірім "Жас сақшы" қатарына қосылып, елге адал қызмет етуге бағытталған қозғалыстың мүшесі атанды.

Бұл – өңірде аудан деңгейінде алғаш рет ашылған полиция бағытына бейімделген мамандандырылған сынып. Ашылу салтанатына Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов қатысты.

Шал ақын ауданының орталығындағы академик Е.Бөкетов атындағы мектеп-гимназияның жетінші сынып оқушылары енді әр жұма сайын арнайы форма киіп, тек мұғалімдермен ғана емес, полиция қызметкерлерімен бірге сабақ өткізеді. Оқушылар заңнама негіздерін меңгеріп, дене шынықтыру мен саптық дайындық сабақтарына қатысады. Мұндай тәжірибе болашақта Ішкі істер министрлігінің оқу орындарына түсуге зор мүмкіндік береді.

Сонымен қатар "Жас сақшы" сыныбының тәрбиеленушілері аудандық полиция бөлімінің қоғамдық іс-шараларына қатысып, құқықтық түсіндіру жұмыстарына атсалысады және құқық бұзушылықтың алдын алуға өз үлестерін қосады.

Сыныптың ашылу рәсімі ерекше әсерге толы болды. Мектеп оқушылары мен СҚО ПД мәдениет орталығының вокалдық тобы орындаған патриоттық әндер тұрғындарға рух беріп, елге деген сүйіспеншілікті арттырды. Айдын Қабдұлдинов жаңа сыныптың оқу кабинетін аралап, оқушыларға арналған жабдықтармен танысты. Кабинетте жол қозғалысы макеті, негізгі жол белгілері, ІІМ ұраны мен патриоттық рәміздер орнатылған.

Оқушылар үшін алғашқы сабақты полицейлердің өздері өткізді. СҚО ПД бастығының орынбасары Абылғазы Ғабдуллин балаларға полиция қызметінің ерекшелігі, тәртіптің маңызы және спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі туралы әңгімеледі. Алдағы уақытта "Жас сақшы" қозғалысы аясында спорттық секциялар мен футбол командалары құрылмақ.

Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов атап өткендей, "Жас сақшы" – бұл тек білім беру жобасы емес, сонымен қатар елге адал, тәртіпті әрі қоғам игілігі үшін еңбек етуге дайын азаматтарды қалыптастыруға бағытталған бастама. Балалардың бойында заң мен тәртіпке деген жауапкершілік сезімін ерте қалыптастыру – патриоттық тәрбиенің негізгі тетігі.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында бұл – үшінші "Жас сақшы" сыныбы. Алдағы уақытта осындай сыныптарды өңірдің басқа мектептерінде де ашу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру