Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Солтүстік Қазақстанда 40-қа жуық полицей марапатталды

СҚО-да Қазақстан полициясы күні қарсаңында журналистер, зауыт қызметкерлері, психологтар мен 40-қа жуық полицей марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер мен ішкі істер органдарының ардагерлері мерекелік іс-шараларды қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің мемориалына гүл шоқтарын қоюдан бастады.

Қазақстан полициясы күніне арналған іс-шаралар С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында жалғасын тапты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов тәртіп сақшыларын құттықтап, бөліністердің бастықтарына жаңа қызметтік автокөліктердің кілттерін табыс етті. Сондай-ақ СҚО Қоғамдық кеңесінің төрағасы Жарасбай Сүлейменов те полицейлерге құттықтау сөздерін арнады.

СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов өз сөзінде солтүстікқазақстандық полицейлердің азаматтар үшін қиын сәттерде өз кәсібилігін бірнеше рет дәлелдегенін атап өтті.

– Биылғы су тасқынына қарсы іс-шаралар біздің қызметкерлер өз міндеттерін абыроймен атқарған тағы бір сынақ болды. Барлық әріптестеріме мінсіз қызметі, антына адалдығы, атқарып жүрген ортақ ісімізге жан тәнімен берілгені үшін алғысымды айтамын, – деді ол.

Алапат су тасқыны кезінде көмек көрсеткені үшін СҚО ПД бастығы Петропавл ауыр машина жасау зауытының аға шебері Антон Полуянға және электр желілері бойынша электрик Иван Деминге алғыс хаттар табыс етті.

ҚР ІІМ министрінің алғыс хатымен және грамоталарымен полицияның жұмысын белсенді жариялаған журналистер Олеся Жуковень, Индира Баймұхамбет және Светлана Дроздецкая марапатталды.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері өткізетін іс-шаралардың тұрақты қатысушылары – “Демеу” балалық шақ мәселелерін үйлестіру орталығының директоры Жұлдыз Саттарова мен осы ұйымның психологы Имир Дулатов полиция департаментінің алғыс хаттарын алды.

Бұл күні барлығы 40-қа жуық полиция қызметкері түрлі марапатқа ие болды. Екі қызметкерге “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгілері, тағы екі полицейге “Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медальдары табыс етілді. Ардагерлер Балтабай Ғалиақпаров, Петр Кирин және Ермек Асықпаев “ІІМ құрметті ардагері” төсбелгісін алды.

Қызылжар ауданы ПБ аға тергеушісі Темірбек Таубаев полиция майоры кезекті арнайы атағын, криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди мен Петропавл қ. ПБ бастығының орынбасары Асылбек Тоқтамысов полиция полковнигі погондарын мерзімінен бұрын алды. Атқарып отырған лауазымынан бір сатыға жоғары полиция капитаны атағы полицияда 15 жылдық тәжірибесі бар кинолог Евгений Сичковқа берілді.

Салтанатты жиын СҚО ПД мәдени орталығымен дайындалған және әйгілі “Sensitive” би ұжымы мен шақырылған басқа да әрістер қатысқан концерттік бағдарламамен аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру