Павлодарда қарсы жолаққа шыққан жүргізуші жауапқа тартылды
Павлодарда қарсы жолаққа шыққан жүргізуші жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу – өзге жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне тікелей қауіп төндіреді. Осындай заңсыз әрекеттер үшін қолданыстағы заңнамада қатаң жаза қарастырылған – алты ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру. Алайда бұл жазаның өзі кейбір жүргізушілерді ереже бұзудан тежей алмай отыр.
Павлодар қаласында Малайсары батыр көшесінде Hyundai Accent автокөлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып, жол қозғалысы ережелерін бұзды. Бұл әрекеті үшін ол жауапқа тартылды. Қазіргі таңда әкімшілік материал процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Жыл басынан бері Павлодар облысында қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін 13 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
"Заң және тәртіп" қағидаты – ішкі істер органдарының азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және жол қозғалысы қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған қызметінің басты негізі. Әрбір құқық бұзушы жасаған әрекеті үшін міндетті түрде жауап береді.