Түрмеден жеткен торт
Семей колониясындағы жазасын өтеуші 8 наурыздың құрметіне арнап онкодиспансердегі әйелдерге торт пісірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Диспансерде емделіп жатқан әйелдерді осы тәсілмен құттықтауға шешім қабылдаған кондитерші адам өлтіргені үшін жазасын өтеп жатыр. Өзінің технолог білімі бар екен.
«Алматыдағы мейрамханалардың бірінде басқарушы болып жұмыс істеп жүрген кезім еді, қарамағымдағы қызметкермен шекісіп қалып, ашу үстінде қолымыздағы ас үй пышақтарын алып жүгіре кетіппіз. Сол төбелес қызметкердің өлімімен аяқталды. Жасаған қылмысым үшін 11 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Қазір қауіпсіздігі жоғары түзеу мекемесінде жазамды өтеп жатырмын. Әр секунд сайын жасаған әрекетім үшін Алладан кешірім сұраймын», – деп әңгімелейді Нұрсұлтан.
Сотталушы колониядағы уақытты өткізуге өзінің сүйікті ісі көмектесетінін айтады. Қазір ол онда қамаудағылар үшін ас әзірлейді екен.
«Мұндағы ағайын жасаған тағамдарымды жақсы бағалап жатады. Соның өзі көңілге қуаныш сыйлайды. Кейде қасымдағы көмекшілеріме мастер-класс өткізіп тұрамын. Бүгін өзімше ойлап, қоғам үшін ерекше бір дүние жасағым келді. Сөйтіп 8 наурыз мерекесін құр жібермейін деп шештім де, онкологиялық дертке шалдыққан науқас әйелдерге тәтті торт пісірдім. Оған қарсы болмаған түзету мекемесінің әкімшілігі торттың тиісті орынға жетуіне көмек көрсетті», – дейді жазасын өтеуші.
Нұрсұлтан өз идеясын жүзеге асыруға қолдау көрсеткен мекеме әкімшілігі мен өзіне жиі келуге тырысатын туған-туысқандарына ризашылығын білдірді.
«Менің ата-анам кәрі кісілер емес, әкем шахтер болып жұмыс істейді, анам үй шаруасында. Екеуі үш ұл тәрбиелеп өсірді. Бауырлар арасында алшақтық жоқ. Бір-бірімізге сондай жақынбыз. Жұбайым мен екі балам да мені барынша қолдауға тырысады. Туған-туыстарыммен жиі кездесемін», – дейді Нұрсұлтан риза көңілмен.