Сотталған ақын өлеңін жатқа оқыды
Қызылорда облысында сотталған ақын өлеңін жатқа оқыды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 тамыз – Абай күні болып жарияланып, мемлекеттік мереке болып белгіленді.
Темір торға тоғытылған адамдар да ұлы ақын Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жатқа айтып, Абай портретін салуда. Бүгінгі Абай күні мерекесіне орай Қызылорда қаласындағы ЗК-169/4 мекемесінде жазасын өтеуші Нұрболат ұлы ақынның «Өлең- сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңін жатқа оқыды. Нұрболат ақынның жиырмаға жуық өлеңін жатқа біледі.
– Абайдың әр сөзі білген адам үшін өнеге, өсиетке толы, – дейді ол. Ақынның шығармашылығымен мектеп табалдырығынан бері таныспыз. Мектепте оқып жүргенімде қазақ әдебиеті пәніне жақын болдым. Абай өлеңдері негізінде мені терең мағыналы ойларымен, даналық сөздерімен қызықтырған болатын. Бостандықтың қадірін түсінбей, қателік жасап, 2018 жылдан бері осы мекемеде жазамды өтеп жатырмын. Жазамды өтеп жүрсем де, ақын өлеңдерін оқудан қол үзген емеспін, – дейді сотталған.
– Мекемедегі жазасын өтеушілер мекемеішілік өткізілген жарыстарға, шараларға белсене қатысады. Өз жанынан өлең шығаратын сотталғандар да бар. Нұрболат мекемеге келгелі мәдени, спорттық шараларға қатысып жүр. Карантин талаптарын сақтай отырып, сотталғандардың бос уақытын тиімді түрде өткізу үшін мекемеішілік іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Мекемеде сотталғандарға арналған кітапхана жұмыс жасайды. Мекеме бастығымен бекітілген кесте бойынша кітапханаға барлық сотталғандар өз еріктерімен барып отырады. Күніне екі рет, екі сағаттан барады. Осындай тәрбиелік мәні бар шараларды өткізу арқылы осында отырған азаматтардың қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастырып, түзелу жолына түсіру – біздің басты мақсатымыз, – деді мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Д.Ералиев.