Сотталғандар арасында футболдан жарыс өтті
Қызылорда қаласындағы ЗК-169/4 мекемесінде жазасын өтеушілер арасында футболдан жарыс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Pro-bono» қоғамдық қоры мен мекеменің тәрбие бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген жарысқа 30-ға жуық сотталған азамат қатысты. Қатысушылар төрт командаға бөлініп, жарыс көрігін қыздырды.
Спорттық жарыс өте тартысты өтті. Жарыста командалық есеп нәтижесінде бірінші орынды «Барыс» командасы алса, екінші, үшінші орынды «Орда» мен «Қыран» командалары өзара бөлісті. Барлық жеңімпаздар арнайы дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
– Мекемеде жазасын өтеуші азаматтармен түрлі деңгейлердегі спорттық жарыстарды жүйелі түрде ұйымдастырып тұрамыз. Сотталғандардың бос уақытын тиімді пайдалану, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткізілген спорттық шараға қатысушылардың барлығы да белсенділік танытып, өздерінің спортқа деген оң көзқарастарын көрсете білді. Салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, – деді мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Думан Ералиев.
– Бүгінгі спорттық ойын өте қызықты әрі тартысты өтті. Мекемеішілік мәдени және спорттық шараларға белсене қатысамын. Өнерден де кенде емеспін, домбыра тартамын, өлең айтамын. Футболды мектеп жасынан ойнаймын. Бүгінгі жарыста командамыз белсенділік танытып, бірінші орын алдық. Ұйымдастырушыларға алғысым зор, – деді сотталған азамат.