Сотталғандар балаларға экосыйлықтар табыстады
Сотталғандар балаларға экосыйлықтар табыстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №34 мекемесі Шахан кентіндегі "Болашақ" балабақшасына ерекше сый жасады.
Мекеме қызметкерлері бүлдіршіндерге сотталған азаматтардың қолымен жасалған сәндік торғай үйлері мен ерекше үлгідегі қоқыс жәшіктерін табыстады.
Іс-шара жылы шырайлы, достық ахуалда өтті. №34 мекеменің өкілдері балабақша тәрбиешілерімен және балалармен емен-жарқын әңгімелесіп, алдағы мерекемен құттықтап, эстетикалық әрі практикалық мәні бар сыйлықтарды тарту етті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәл осы торғай үйлері мен қоқыс жәшіктерін сыйға тарту идеясы кездейсоқ емес.
— Балалар кішкентайынан бастап экологиялық мәдениетке тәрбиеленуі тиіс. Табиғатты қорғауға деген сүйіспеншілік балалық шақтан қалыптасады. Торғай үйлері құстар әлеміне деген қызығушылықты оятса, ашық түсті әрі ыңғайлы қоқыс жәшіктері тазалықты сақтауға үйретеді, — деді мекеме қызметкерлері.
Сыйға берілген бұйымдардың барлығы сотталғандардың қолымен жасалған. Әрқайсысы қауіпсіз әрі экологиялық таза материалдардан дайындалып, көркемдік жағынан да айрықша назар аударылған. Торғай үйлері ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендірілсе, қоқыс жәшіктері балалардың қызығушылығын тудыратындай ерекше дизайнмен жасалған.
"Болашақ" балабақшасының ұжымы көрсетілген ілтипат пен қамқорлыққа шынайы алғыс білдірді.
— Мұндай бастамалар — өте құнды. Олар балаларға үлкендердің оларды ешқашан ұмытпайтынын, әрдайым қамқорлық танытатынын сезіндіреді. Біз бәріміз бірігіп, айналамыздағы әлемді жарқын әрі мейірімді ете аламыз, — деді балабақша меңгерушісі.