Сотталғандар теологтармен онлайн кездесті
Шығыс Қазақстан облысында ерекше тәртіптегі түрмеде теологтар жұмысын жалғастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда ОВ 156/20 мекемесінде Шығыс Қазақстан облысы “Дін мәселелерін зерттеу орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теолог мамандарымен және ресми тіркелген діни бірлестік өкілдерімен бірлесіп жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Мұндағы мақсат – терроризм мен діни экстремизм идеялары мен деструктивті діни ағымдардың іс-әрекетінің алдын алу және әртүрлі діни көзқарастағы сотталғандарға теологиялық кеңес беру, түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізу.
– Түзеу мекемелерінің ең басты міндеті де осы. Бостандығынан айырылған жандарды жазалау арқылы емес, тәрбиелеу арқылы өмірден өз орнын табуына көмектесу. Мұндайда діни тәрбиенің де аз көмегі тимейтіні белгілі. Дінді тәрбиеден бөліп қарай алмаймыз. Бүкіл әлемді дүрліктірген короновирустық инфекциясының таралуын болдырмау және санитарлық талаптармен ережелерді сақтау мақсатында Дін мәселелерін зерттеу орталығының қызметкерлері сотталғандармен «Skype» арқылы ара-қашықтықта жеке және топтық түрде жұмыстар жүргізді.
Түзеу мекемесіндегі басты қару – тәрбие. Бірақ, бәрі талапқа сай болуы шарт. Ең бастысы, біз сотталғандардың діни адасушылыққа бармауын қадағалауымыз керек,- деді тәрбие бөлімінің басшысы Болат Майзаков.