Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сотталғандарды тәрбиелеудің тиімді тетігі – еңбек

Биыл Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемелерінде 468 сотталған азамат жұмыспен қамтылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жұмыспен қамтылған 468 сотталған азаматтың 72-сі шаруашылық жұмыстарына тартылған. Қазіргі таңда түзеу мекемелерінің өндірістік аймағында 11 жұмыс беруші 175 сотталған азаматты жұмыспен қамтып отыр.

Онда сотталған азаматтар әк өндіру, газоблок, құм блоктарын өндіру, колөнер мен аяқ киім тігу, кірпіш өндірісі, пластик терезелер шығару, жалюзи тігу, автокөліктерді жөндеу, жұмсақ жиһаз жасаумен айналысады.

ЗК-169/4 мекемесінде жазасын өтеуші 99 сотталған азамат 16 кәсіпкердің қала аумағындағы объектілерінде жұмыс істейді. Олар пластик терезелер жасаумен, жалюзи тігумен, кірпіш өнімдерін шығарумен айналысады.

Мекемедегі 20-дан астам сотталғанды “Алтай-транс-Ойл” ЖШС жұмыспен қамтып отыр. Олар пескоблок өнімдерін шығарумен айналысады.  Бұл серіктестік  2016 жылдан бері  мекемемен келісімшарт негізінде жұмыс істеп келеді, сотталған азаматтарға еңбекақы істеген жұмысының көлеміне қарай төленеді.

Жазасын өтеп жүргендердің бірі Сухрабжан сот үкімімен бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталған. Мемлекет пайдасына өндірілуі тиіс сот шығындарын өтеу мақсатында түзеу мекемесі жанындағы “Алтай-Транс-Ойл” ЖШС-да жұмыс істейді. Ол қазір пескоблоктан қыш өндірудің хас шебері. Бұл өнімге сұраныс та жоғары, соның нәтижесінде Сухрабжан тынымсыз еңбек ету арқылы мемлекет алдындағы берешегін толық көлемде өтеді.

Сотталғандардың тағы біреуі Сұлтан жалюзи тігумен айналысады. Бұл күннен қорғайтын өнімдер бірнеше түрге бөлінеді және түрлі материалдардан жасалады.

– Жалюзилерді тапсырыспен тігеміз, тапсырыстарды жылдам әрі сапалы орындауға тырысамыз. Өнімдерді кәсіпкерлер жеткізіп береді. Айлық жалақымыз да уақтылы, тапсырысымызды орындауымызға байланысты төленеді, –  деді Сұлтан.

Сондай-ақ “Еңбек-Қызылорда” филиалында үш цех жұмыс жасайды: тігін, нан шығару, ағаш цехы. Онда 127 жазасын өтеуші еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр.

ЗК-169/5 мекемесінің аумағындағы “Еңбек-Қызылорда” РМК филиалының тігін цехында арнайы кәсіби білімі бар сотталғандар тігін тігеді. Пандемия кезінде осы сотталғандар көпреттік бетперде, жеке қорғаныс костюмдерін тікті. Мәселен, ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Асқар есімді азамат тігінші мамандығын оқып, дипломын алған. Бүгін де мекеменің өндірістік аумағындағы тігін цехында жұмыс істейді.

ЗК-169/5 түзеу мекемесінің аумағындағы “Еңбек- Қызылорда” РМК филиалының наубайханасы 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Наубайхана нан пісіруге қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бір тәуліктің ішінде наубайхана 1500-ден астам бөлке нан пісіреді. Наубайханадан шығарылған нан өнімдері Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/1, ЗК-169/4, ЗК-169/5 мекемелеріне жеткізіледі. Қанат, Наурызбай, Дәулет есімді жазасын өтеушілер нан пісірудің бесаспап шеберлеріне айналған.

– Бостандықта жүргенде ас пісіргенді ұнататын едім. Сондықтан болар нан пісіретін наубайшы қажет екендігін естігенде ойланбастан келістім. Ай сайын жалақымды уақтылы алып тұрамын. Соның нәтижесінде мемлекет алдындағы сот шығындарын өтеп, артылғанын отбасыма жіберіп отырмын, – деді жазасын өтеуші Қанат.

Қанат түзеу мекемесінде жазасын 2015 жылдан бері өтеп келеді. Содан бері осы наубайханада нан пісіруші. Жазасын өтеп, темір тордан бостандыққа шыққан соң, наубайхана ашсам деген ойы бар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру