Сотталғандарды жұмыспен қамтыған кәсіпкерлер марапатталды
Алматы облысы бойынша ҚАЖД ЕС-164/4 мекемесінің басшылығы сотталған азаматтарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлерді Құрмет грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай Алматы облысы бойынша ҚАЖД ЕС-164/4 мекемесінде мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мекеме басшылығы жұмыс орындарын ұсынып, сотталған азаматтарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлерге өзара ынтымақтастығы үшін алғысын білдіріп, Құрмет грамоталары мен сыйлықтар табыстады.
– Қазіргі таңда мекемеде 15 ұйым, оның ішінде 10 жеке кәсіпкер өз кәсібін дөңгелетіп отыр. 145-ке жуық сотталған азамат жұмыспен қамтылған, олар түрлі өнімдер шығарумен айналысады, атап айтқанда кірпіш өндіру, көкөніс өсіру, ет өнімдерін және жеміс-жидек өнімдерін өндіру, сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстарды жөндеу бойынша жұмыстарды атқарады. Еңбектің арқасында сотталғандар қоғамға бейімделуде. Осы орайда «Алель Агро» АҚ, «LST market» ЖШС, «СДиКо» ЖШС, «ART CC» ЖШС, «Забота» ҚҚ, «Еңбек Жауғашты» РМК директорлары Құрмет грамоталарымен және сыйлықтармен марапатталды, – деді ЕС-164/4 мекемесінің бастығы Р.Тұрғымбаев.