Созақ полицейлері заңсыз 3 бас ірі қара малын тасымалдаған көлік иесін анықтады
Созақ полицейлері заңсыз үш бас ірі қара малын тасымалдаған көлік иесін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Созақ АПБ-ның полиция қызметкерлері мал ұрлығының алдын алу мақсатында күнделікті рейдтік жұмыстарды жүргізуде. Осындай шара барысында мал тасымалдайтын жүк көліктерін де тұрақты түрде тексеруде. Осы тұста тәртіп сақшылары өзінің басқаруындағы Газ 3302-404 маркалы автокөлігімен мал тасымалдаған жергілікті тұрғынды тоқтатты.
Тергеу барысында автокөліктің артқы бөлігінде үш бас ірі қара малдың бары анықталды. Автокөлік жүргізушісі малдарды Шымкент қаласындағы мал базарға сатуға ветеринариялық ілеспе құжаттарынсыз тасымалдағаны белгілі болды. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша тіркеді. Сондай-ақ тиісті іс-құжаттарды жинақтап, заңды шара қолдану үшін Созақ ауданының ветеринария қызметкерлеріне жолдады.