"Спорт есірткіге қарсы": Абай облысында халықаралық каратэ турнирі өтті
Абай облысында халықаралық каратэ турнирі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында салауатты өмір салтын насихаттау мен есірткіге қарсы күреске бағытталған ерекше спорттық шара өтті. "Абай Арена" мәдени-спорттық кешенінде "Спорт есірткіге қарсы" ұранымен халықаралық каратэ турнирі ұйымдастырылды.Турнирдің басты ұйымдастырушысы – "TORA CUB Қазақстан жауынгерлік өнер альянсы" республикалық қоғамдық ұйымы, ал шараның негізгі демеушісі Абай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы болды.
Жарысқа Қазақстан, Ресей және Қырғыз Республикасынан жүзден астам жас спортшы қатысып, өз шеберліктерін ортаға салды. Турнир тек жауынгерлік өнер сайысы ғана емес, қоғам назарын есірткіге тәуелділік мәселесіне аударуға бағытталған маңызды бастама ретінде ерекшеленді.
Тартысты жекпе-жектер әділ бәсекелестік пен спорттық рух аясында өрбіді. Көрермендер қатысушылардың жоғары деңгейдегі дайындығына, ерік-жігеріне және тәртібіне тәнті болды.
– Біз спортты дамытумен ғана шектелмей, жастарға маңызды ой жеткізгіміз келеді – салауатты өмір салты мен спорт кез келген зиянды әдеттен жоғары тұрады, – деп атап өтті Абай облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Гаухар Еспаева.
Осылайша, "Спорт есірткіге қарсы" турнирі жауынгерлік өнердің қоғамның салауатты болашағы үшін күрестегі құнды құрал бола алатынын тағы бір рет дәлелдеді.