Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Спорт — нашақорлыққа қарсы": ШҚО кадеттері республикалық турнирге дайындалуда

Өскеменде "Жас сақшы" полиция сыныптарының кадеттері мен полиция қызметкерлері арасында футбол матчы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жарыс спорттық бәсекелестікпен қатар, достық рухта өрбіді.

Ойынға қолдау білдірген Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Манапов кадеттерге жылы лебізін білдірді:

- Сіздер — еліміздің болашағысыздар. Энергияларыңыз, тәртіптеріңіз бен жеңіске деген ұмтылыстарыңыз өзгелерге үлгі. Алдағы турнирде өңірімізді абыроймен танытып, лайықты өнер көрсететіндеріңізге сенімдімін, — деді ол.

Бұл кездесу жас спортшылардың алдағы сынға дайындығының бір бөлігі болды. 2–4 қазан аралығында Шымкент қаласында ҚР Ішкі істер министрінің Кубогына арналған республикалық мини-футбол турнирі өтеді. Жарысқа 12–14 жас аралығындағы "Жас сақшы" полиция сыныптарының оқушылары еліміздің түкпір-түкпірінен жиналады. Турнирдің ұраны да мәнді: "Спорт — нашақорлыққа қарсы".

Шығыс Қазақстан облысының намысын Өскемендегі мектептердің "Жас сақшы" сыныптарынан іріктелген 10 кадет қорғайды. Олар республикалық аренада жеңіс үшін таласа отырып, төзімділік, тәртіп және шеберліктерін көрсетпек. Турнир мини-футболдың ережелері бойынша өткізіліп, балалар спортының дамуына серпін беруді көздейді.

Жас сақшылар сенімді: табандылық пен командалық рух туған өлкеге абырой әкеліп, спорттың — күш-қуат, сергектік және жарқын болашақ кепілі екенін дәлелдеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру