Спорттық және жауынгерлік самбодан ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының турнирі аяқталды
Ақтөбе қаласындағы «Жекпе-жек» сарайында өткен спорттық және жауынгерлік самбодан ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кубогына арналған турнир өз мәресіне жетті. Спорттық шара үш күнге созылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұландықтар өз өңірлерінің абыройын асқақтатуға бар күшін салды. Сайыс нәтижесі бойынша жалпы командалық есепте бес алтынды олжалаған «Батыс» өңірлік қолбасшылығының командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды астаналық 5573 әскери бөлімінің спортшылары алса, үшінші сатыға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының балуандары көтерілді.
– Бұл жарыс тек мықтылардың жеңісін емес, әскери тәртіп пен батырлық рухын айқын көрсетті. Ұлттық ұлан сарбаздары әрдайым биік деңгейде екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сіздердің жетістіктеріңіз – еліміздің абыройы. Алдағы сайыстарда да биіктерден көрінеді деп сенім білдіремін! – деді ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Бауржан Абжанов.
Айтып өту керек, үш күнге созылған спорттық шарада балуандар өзара мықтыны анықтады. ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы дене даярлығы және спорт бөлімінің бастығы Сәтжан Әбішевтің айтуынша, осы сайыста ұтқан спортшылар болашақта ҚР Ішкі істер министрінің жүлдесі үшін сынға түсетін болады.
– 70-ке жуық жауынгер қатысты. Оның ішінде халықаралық дәрежедегі 5 спорт шебері, 35 спорт шебері және 25 спорт шеберіне үміткер бар. Барлығының дайындық деңгейі жоғары, – деді Сәтжан Әбішев.
Спорттық самбодан жекелеген салмақ дәрежелері бойынша жарыс жеңімпазы атанғандар: 58 келі салмақта қатардағы жауынгер Салих Шәріп («Батыс» өңірлік қолбасшылығы), 64 келі салмақ бойынша шаршы алаңға шыққан қатардағы жауынгер Ержан Еренқайыпов (5573 әскери бөлімі), 71 келі салмақта Олжас Абдувалиев (5573 әскери бөлімі) алтын алды. Ал 79 келіде қатардағы жауынгер Тілек Тоқтасынұлы (5573 әскери бөлімі), 88 келі салмақта қатардағы жауынгер Азат Қуанов («Батыс» өңірлік қолбасшылығы) және 98 келіге дейін салмақ дәрежесінде қатардағы жауынгер Еламан Қойшыбаев («Батыс» өңірлік қолбасшылығы) чемпион атанды.
Жауынгерлік самбодан жеңіс тұғырынан көрінгендер: 58 келі салмақ дәрежесінде қатардағы Арман Тұрымбетов («Батыс» өңірлік қолбасшылығы) иеленді. Ал 64 келі салмақ бойынша ефрейтор Мәлік Байсұлтанов («Орталық» өңірлік қолбасшылығы), 88 келі салмақта қатардағы Әли Нәсіпқали («Батыс» өңірлік қолбасшылығы) алтын медальды қанжығаларына байлады.
Айта кетсек, жекелеген номинациялар бойынша «Ең үздік техникасы үшін» «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының балуаны қатардағы жауынгер Нұрасыл Есенгелді, «Жеңіске деген жігері үшін» қатардағы Өсерхан Жұмағұл («Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы), ал «Үздік күрес» номинациясы бойынша «Батыс» өңірлік қолбасшылығының спортшысы қатардағы Азат Қуанов марапатталды. Сонымен қатар «Ұлттық ұлан үздігі» кеуде белгісі турнирдің құрметті қонағы Айдар Әбуовқа және жарыс жеңімпазы, әлем және Азия чемпионы қатардағы Еламан Қойшыбаевқа табысталды.
Спорттық шара соңында жеңімпаздар ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Бауржан Абжановтың қолынан белбеу, арнайы кубок, диплом және бағалы сыйлықтар іспетті марапаттарға ие болды.