Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО ауылында синтетикалық есірткі таратқан күдікті құрықталды

Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында полицейлер 28 жастағы жергілікті тұрғынның бір ауыл аумағында синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысқанын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыстық прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген "Қарасора" жедел алдын алу іс-шарасы аясында күдікті 1 грамм спайс сатпақ болған кезінде, қылмыс үстінде ұсталды.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ауыл тұрғынына 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Сонымен қатар заңсыз қару сақтау фактісі бойынша әкімшілік материал жиналуда: күдіктінің үйін тінту барысында полицейлер тіркелмеген 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтықты тапты.

Полицейлердің айтуынша, 1 грамм спайс құрамындағы белсенді зат мөлшеріне қарай әртүрлі дозаға бөлінуі мүмкін. Синтетикалық каннабиноидтардың әсері алдын ала болжанбайды, тіпті микродозаның өзі адам ағзасына ауыр салдар әкелуі ықтимал.

Көлеміне қарамастан, кез келген есірткі түрінің заңсыз айналымымен күрес – азаматтардың, әсіресе жастардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау жолындағы полиция жұмысының басты бағыттарының бірі. Жыл басынан бері СҚО-да полицейлер заңсыз айналымнан 43 келіден астам түрлі есірткі заттарын тәркіледі, оның 4 келіден астамы синтетикалық есірткі түрі болған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру